Қазақстандағы заңдардың қабылдануына кімдер қарсы шығып жүр?

Factcheck.kz-пен бірге анықтап көрдік



03/03/2021 09:54 6741 0

03/03/2021
09:54 6741 0


 

 

Авторлары: Медет Есімханов, Павел Банников, Данияр Сүпиев, Айдана Жанәділова, Әсем Жәпішева

 

2020 жылғы қыркүйекте Мәжіліс бірінші оқылымда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын (бұдан әрі – ОЗҚ) мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бірнеше айдан соң, президент Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін заң Мәжіліске қайтарылды. Оған себеп — заң қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желі мен БАҚ-та ол туралы көптеген материал жарияланды. Шыққан ақпарттың көбі жалған болып, наразылық акцияларына түрткі болды.

 

Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Тура осыған ұқсас дау-дамай бірнеше ай бұрын Денсаулық кодексіне түзетулер енгізілерде де болған еді. 

 

Былтырғы наурызда оқырманымыз бір адамдар мен ұйымдардың пандемия туралы жалған ақпаратты таратып, белсенді түрде заң жобаларына қарсы шығып жүргенін, сол мақсатта ұқсас әдістер мен риториканы қолданатынына назар аударған еді. Біз сол кезде ковидке және вакцинаға қарсы насихаттау дүниежүзі мен Қазақстанда қалай ұйымдастырылатынын мұқият зерттей бастадық. 

 

2021 жылдың басында белсенділер — Айдана Жанәділова мен Данияр Сүпиев заң жобаларына қарсы шығып жүрген ең белсенді әрі танымал адамдар туралы деректер жинап, көбінің түрлі ұйыммен байланысы бар екенін анықтады. Ол ұйымдардың кейбіреуін ультраоңшыл, кейбіреуін деструктив деп атауға болады. 

 

Factcheck.kz пен masa.media редакциялары бірігіп, Қазақстан заңнамасындағы өзгерістерге қарсы шығып, халық арасында жаппай жалған ақпарат таратып жүрген адамдар мен топтардың артында кім қандай мақсатпен тұрғанын анықтауға тырысып көрді. 

 

Уақытыңыз болмаса, зерттеу тезистерімен танысып шығыңыз 

 

— Заң жобаларының мақұлдануына қарсы лоббимен бірнеше ұйым айналысады. Олардың барлығының дерлік культ белгілері бар, мысалы, Саентология шіркеуі мен «Халық бірлігі» халықаралық қоғамдық қозғалысы. 

 

Жалған ақпарат таратып жүргендер арасынан Қазақстанда (немесе басқа жерде) ресми түрде тіркелген және тіркелмеген, қаржы көздері мен мақсаттары айқын емес ұйымдарды байқауға болады. Бұл жерде ескеретін жайт — біз Қазақстанда тіркелген кейбір ұйымның өкілдері мен сол ұйымның ұстанымы әрдайым қабысады деп нақты айта алмаймыз. 

 

— Заңдардағы түзетулерге қарсы топ ұйымдастырған конференциялар мен іс-шараларға бұған дейін адамға қарсы қылмыстары үшін Ресейде және Қазақстанда сотталған адамдар қатысып жүр. Мысалы, олардың арасында «Рожана» орталығының негізін қалаушы, атышулы Жанна Цареградская және зорлық-зомбылық үшін (олардың бірі – кәмелетке толмаған) істі болған заңгер бар.

 

Қайталап айтамыз: зорлық-зомбылыққа қатысты түзетулерге қарсы шыққандардың арасында осы уақытқа дейін адамға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін соттталған адамдар жүр. Біздің ойымызша, бұл жерде мүдделер қақтығысының бары айқын көрініп тұр. 

 

— Дезинформация әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен топтар желісі арқылы тарап жатыр. Оған қазақстандық шоу-бизнес пен спорт саласының бірқатар өкілі де қатысып жүр. 

 

— Олар заңдарға ғана емес, пандемия, коронавирус инфекциясын емдеу әдістеріне туралы жалған ақпарат таратады

 

Одан бөлек, қастандық теориялары да көп айтылады. Олардың арасында вакцинацияға қарсы үгіт-насихат та, коронавирустың және/немесе басқа вирустардың бар екенін жоққа шығару да бар. Барлық ақпараттан көбіне ғадауат тілі, қорқыту, кейде заң бұзуға не зорлық-зомбылық жасауға үндеуді байқауға болады. 

 

— Олар: 

 

  • өз ұстанымына келіспейтін адамдарды «фашист» деп, оларға «геноцидке» қатысушылар, «шетел агенттері» деген айдар тағады; 
  • ДДСҰ-ны «мафия» деп атап,  белгісіз бір жаудың образын жасап әлек. Олардың пайымынша, оны жасырын әлем үкіметтен бастап (мұнда көбіне антисемиттік риторика қолданылады) шайтанға дейінгі «сыртқы күштер» басқарады. 

 

— Бұл желіні бір орталық басқарады деп айтуға келмес, керісінше, бұл жерде жаппай жаңылысу, шатасу әсерін көріп тұрмыз. Жалған ақпаратты түрлі белсенді мен селебрити таратып жатыр және олардың әрқайсының өз көздегені бар. Мұндағы басты қозғаушы күш нақты адам не ұйым емес — тек идея (кейбіреуінің жаман ештеңесі жоқ), қатты адасу, когнитив қателіктер және қастандық теориялары. Алайда осы топтар құрған жалпы ақпарат кеңестігі бізді қатты алаңдатады.

 


 

Редакция мен авторлар осы материалдың жазылуына түрткі болған, жалған ақпарат таратумен айналысып жүрген діни ұйымдарға өз көзқарасын білдіргенді жөн көреді: 

Біз діни ұйымдар мен қауымдастықтарға айып тағудан аулақпыз, себебі өзіміздің арамызда да мұсылмандар, христиандар, буддистер, агностиктер және атеистер бар. Біздің оймызша діни сенім мен дүниетаным еркіндігі — адамның негізгі және ажырамас құқықтарының бірі.

Қауымдастықтар мен адам құндылықтары (бір үлкен шіркеу немесе ілім аясында болсын) бір-бірімен қабыспауы мүмкін. Біз әртүрліміз және мұның еш әбестігі жоқ. Діни және басқа да азаматтық ұйымдар өз құндылықтарын заңнама деңгейінде, қоғам пікірталасы арқылы қорғауға құқылы. 

Алайда бұл оларға қоғамды адастыруға, манипуляция жасауға, үгіт-насихат жүргізуге, ғадауат тілін қолданып, зорлық-зомбылық жасауға үндеуге, жалған ақпарат таратуға құқық береді деген сөз емес. Бұл зерттеуде дәл осы тақырыптар талқыланады.


Барлық ескертпе жасалды, енді азаматтардың санасын кім және қалай бұрмалағысы келіп жүргенін, сондай-ақ бұл туралы айтудың қаншалық маңызды екеніне тоқталамыз.

 

«ҚЗ Саналылар бірлігі» және «Халық бірлігі ХҚҚ»

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОЗҚ, антипсихиатрия, вакцинацияға қарсы насихат, донорлар мен пандемия туралы дезинформация, қастандық теориялары, 5G. Ғадауат тілін қолданады, белгілі бір жаудың бейнесін жасайды.

Пандемия кезінде жергілікті конспирология топтардың іс-әрекетін бақылай отырып, біз «ҚЗ Саналылар бірлігі» не қысқаша «ҚЗ.С.Б» деп аталатын ұйымның интернетте ерекше белсенді болғанын байқадық.

Топтың бірнеше Telegram каналы, Instagram парақшасы және Youtube каналы бар. Ұйым мүшелерінің сөзінше, олар құрған қозғалыстың мақсаты — халықтың құқықтық сауаты мен рухани тепе-теңдігін арттыру. 

Бұл топтың өкілдері қазіргі пандемияға қатысты кең таралған барлық конспирологиялық теорияны таратқан, атап айтқанда: дүниежүзі үкіметі, чиптеу, вакцинаға қарсы риторика, химтрейлдер мен 5G-дің зияны, Алматыдағы зертханаға. 

 

«ҚЗ.С.Б» чатының скриншоты


Жазда қозғалыс интернетте көптеген жалған ақпарат тарату арқылы Денсаулық туралы жаңа кодекстің қабылдануына қарсы шықты. Ал 2020 жылғы күзден бастап «ҚЗ Саналылар бірлігі» «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қабылдауға қарсы болды.

Бұл ретте қозғалыс мүшелері жай ғана ақпарат таратып, әлеуметтік желіде пост жазып шектелмеді. Оның өкілдері БАҚ-пен белсенді аралысып, мемлекеттік органдарға сауалдар жолдайды және норматив құқықтық актілерді қабылдауға тікелей ықпал етуге тырысады. Қарашада осы қозғалыстың идеяларын қолдайтын (бірақ тікелей байланысты емес — ред.) бірқатар белсенді Мәжілістің заң жобасына қатысты жұмыс тобына кіргені белгілі болды.

Әрине, біреуді азаматтық белсенділігі үшін айыптаған дұрыс емес. Алайда «ҚЗ Саналылар бірлігі» мүшелері мен оларды қолдайтындардың көзқарасын ескере отырып, олардың заң жобаларына айтқан сынына күмән туындайды.

Айтпақшы, бұл қозғалыстың ұстанымы, көзқарасы мен мақсатын түсіну үшін оның өкілдеріне баса назар аудару қажет. Ол үшін топтың кейбір негізгі мүшесімен таныс болып, олардың байланыстарын білу керек.

Мысал ретінде «Саналылар бірлігі» Telegram каналының әкімшілері Елена Рутковскаяны, Дина Садердинованы және Әлия Аспимбетованы алайық. Олардың барлығының ресейлік «Халық бірлігі» халықаралық қоғамдық қозғалысына» қатысы бар. 

Аталмыш қозғалыстың сайтында көрсетілгендей, олардың мақсаты – «бүкіл әлем халқын “мемлекеттердің” және трансұлттық корпорациялардың құлдығы мен тәуелділіктен шығару». Қозғалыс сайтының басты бетінен «Дүниежүзілік жалпыадамзаттық референдумда» қабылданған ерік декларациясын көресіз. Оның қысқаша мазмұны мынандай: қозғалысқа қатысушылар Ресей Федерациясы де-факто және де-юре жоқ деп мәлімдейді, сондай-ақ Бірінші Жаратушыдан басқаның бәрінен тәуелсіз екенін жариялайды.

 

 

Ұйым өз қызметінде «Ресей органдарында, халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерде қозғалыс атынан халық мүддесін қорғайтынына», сондай-ақ барлық құрылтайшыларға құқықтық көмек пен қолдау көрсететініне баса назар аударады. Қозғалыс қандай да бір халықаралық ұйымдарда халық атынан өкіл бола алатыны — күмәнді мәлімдеме, осыған қоса бұл ұйымның өзі жарияланған мақсатына қайшы келеді. Себебі «олар Ресей мемлекетін жоққа шығарады және әлемде заңды түрде бар мемлекеттің заңда заңнамалық негізі жоқ» деп мәлімдейді.

«Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымына кіргісі келетін адамдар видеокамераға «Мен – Адаммын» деген ант беруі керек. Біз осындай видеолар арқылы «Саналылар бірлігінің» негізгі белсенділері де осы қозғалысқа мүше екенін анықтадық. Елена Рутковская, Дина Садердинова және Әлия Аспимбетованың ант берген видеосы Youtube каналында тұр. 

 

 

Қозғалыс мүшелері ант беруден басқа да рәсімдер жасайды. Мәселен «Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымы «қосылу парағы» деп аталатын құжат жинайды, онда қатысушылар жоғарыда айтылған «ерік декларациясына» қосылғанына келісім береді де, өзі тұратын елдімекен жерін «Адамзаттың толық иелігіне» ұсынады. Осыған қоса ол өзі тұрып жатқан жердегі барлық заңдардың «күші жойылатынын және Адамзат атынан түкке тұрғысыз екенін» мәлімдейді.

Біз осы мақаланы жазып жатқанда қозғалыс сайтына 1 300-ге жуық «қосылу парағы» жүктелген екен. Олардың көбі ТМД елдерінің азаматтары, арасында қазақстандықтар да бар. Мысалы, біз сол жерден Елена Рутковскаяның қолы қойылған парақты таптық. 

 

Елена Рутковская қол қойған «қосылу парағы».

Егер қозғалыс өкілдерінің логикасына сүйенетін болсақ, онда Рутковская осы парақ арқылы Алматы аумағындағы заңдарды «жоққа шығарады».

«Портал 713»

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОЗҚ, антипсихиатрия, вакцинацияға қарсы насихат, донорлар мен пандемия туралы дезинформация, қастандық теориялары. Ғадауат тілін қолданады, белгілі бір жау образын жасайды.

«Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымының серіктестері арасында «Портал 713» деген бар. Оның негізін қалаушы — өзін «сақтаушы» деп атайтын Ольга Хмелькова. Портал 713 екі бағытта істейді: құқықтық білім беру және рухани даму. Олар адамдарға «санаңызды басқа өлшемге шығарамыз» деп уәде етеді.

Порталдың қызметі «Саналылар бірлігінің» мақсатына ұқсас екенін кездейсоқтық деп қабылдайық. Еске сала кетейік, олардың да мақсаты «құқықтық сауат пен рухани тепе-теңдікті арттыру» еді.

Портал 713 туралы әңгіме неден басталды? Себебі Елена Рутковскаяның Telegram-дағы лақап аты дәл осылай жазылған.

 

Елена Рутковскаяның Telegram аккаунтының скриншоты (түсірілген күні: 08.02.2020)

Рутковская «Саналылар бірлігінің» чатына кейде «Портал 713» Telegram каналының ақпаратын таратып, ондағыларға «Халық бірлігі ХҚҚ» қозғалысына қалай қосылуға болатынын айтып отырады.

 

 

«ҚЗ.С.Б» чатының скриншоты

Жалпы, «Саналылар бірлігі», «Халық бірлігі ХҚҚ» мен «Портал 713» арасындағы байланысқа не үшін назар аудару керек? Себебі культ белгілері бар ұйым жалған ақпарат таратады, ал бұл жақсылыққа әкелмейтіні анық. Рутковская сияқтылар осы ұйымдарға мүшесі ғана емес, олар чаттағы басқа адамдарды да мүше болуға үндейді.

Белсенді Данияр Супиев өзінің Facebook-тегі парақшасында Елена Рутковскаяның осындай барлық байланысы туралы бірінші болып жазды. Алайда Елена Рутковская келтірілген айқын дәлелдерге қарамастан, оны «жалған ақпарат тараттты» деп айыптап, полицияға арыз береді.

«Портал 713» негізін қалаушы Ольга Хмелькова туралы ақпаратты іздеу барысында тағы бірнеше қызық жайтқа тап болдық. Мысалы, мына видео, онда Хмелькова Ресейді мемлекет емес, трансұлттық сауда корпорациясы деп атайды.

Хмелькова пандемия кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін де сотталды. Ал бұл туралы ақпаратты Ресейде консерватив құндылықтардың медиа ордасы саналатын «Царьград» телеарнасы жазды (бұл арнаның өзі де бірнеше рет жалған үгіт-насихат жүргізді деп танылған). Мақалада көрсетілгендей, 2020 жылғы жазда Хмелькова «Ресейде 15 шілдеде әскери жағдай енгізіледі» деп мәлімдеген, бұл жалған ақпарат болып шықты.

Осыған қоса Хмелькова «Портал 713» сайтында өзін «Мәскеу омбудсменімін» деп атайды.

 

 

Осылай ол адамдарды жаңылыстырып отыр: Мәскеудің қазіргі адам құқықтары жөніндегі уәкілі — Татьяна Потяева, ал Хмелькова ханым бұрын омбудсмен болып көрген емес.

 

CitizenGO

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОЗҚ, антипсихиатрия, екпеге қарсы насихат, донорлар мен бала асырап алу туралы дезинформация. Белгілі бір жау образын жасайды.  

Жалпы айтқанда Ресейдегі вакциналарға қарсы, ковидті жоққа шығарушы және антиювенал қозғалыстардың Қазақстанға ықпалы айтарлықтай зор, бұған себеп — ақпарат кеңестігіміз бір. Еліміздегі «Саналылар бірлігі» сияқты қозғалыстар ресейілк топтармен өзара әрекеттесуге тырысады.

Мысалы, «Саналылар бірлігі» өтініштерін CitizenGO платформасында жариялауды жөн көреді.

CitizenGO — халықаралық ультраконсерватив ұйым, олар отбасының дәстүрлі христиандық түсінігін жақтағандай болып, вакцинация мен ювенал заңнама туралы әртүрлі жалған ақпарат таратады және әлемдегі ультраоңшыл саяси партиялармен жұмыс істейді. Бұл ұйым туралы егжей-тегжейлі мақаланы Factcheck.kz сайтынан оқуға болады.

CitizenGO-ның ресейлік филиалы Ресейдегі үйдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң жобасына қарсы күресіп әлек. 2020 жылдың басында «Медуза» басылымы аталмыш заң жобасына қарсы шығып, наразылық білдірген әртүрлі ресейлік қозғалыстарға қызық шолу жасаған еді. Олардың арасында CitizengGO да бар. Оқып шығыңыз.

Елімізде заң қарала бастала салысымен карантин шараларына, маска тағу режиміне және Денсаулық кодексіне қарсы күресіп жүрген «Саналылар бірлігі» жаңа заңға «шет елдері ықпал етті» дей бастады. 

Қозғалысты CitizenGO қолдап, олар тіпті тәжірибе алмасқан. Мысалы, қозғалыстың Қазақстандағы көшбасшыларының бірі Анатолий Кимнің парақшасында Instagram-да өтетін эфирдің аңдатпасын табуға болады. CitizenGO-ның Ресейдегі үйлестірушісі Александра Машкова-Благихпен өткен тікелей эфир барысында «халыққа қарсы заңдарға» күрестің Ресейлік тәжірибесі талқыланды.

Айта кетейік, CitizenGO сайтында (кез келген петиция бойынша) кем дегенде бір рет дауыс берген әр адам күн сайын петициялар туралы хабарлама ала бастайды. Олардың кейбіреуі адамдарды шатастырып, алдайды, себебі фактілер бұрмаланған. Сондай-ақ олардың арасында қастандық теориялары да кездеседі. Хаттар арқылы белгілі бір адамдар мен ұйымдарға шабуыл жасалып, сыртқы/ішкі жау образын қолданған.

«Қорғау HR» ҚҚ — Саентологтардың қандай қатысы бар?

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОЗҚ, антипсихиатрия, феминизмге, екпеге қарсы насихат, жау образын жасайды. 

Бұған дейін Денсаулық туралы кодекстің қабылдануына қарсы болып, қазір «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға қарсы белсенді әрекет етіп жатқан тағы бір жергілікті ұйым – «Қорғау HR» қоғамдық қоры. Қор мүшелері мақсаты бір болғасын «Саналылар бірлігімен» бірге жұмыс істейді. Мысалы, олар заң жобасына қарсы адамдарды онлайн емес, көшеде жүріп жинаған. 

 

Гүлмира Сембиеваның жеке Facebook парақшасынан алынған фото

Олар пайдаланған тақтайшалардан «Саналылар бірлігі» және CitizenGO деген логотиптерді байқауға болады.

«Қорғау HR» қорының құрылтайшылары – Наталья Шадрина мен Әлия Әбдинова.

 

Заңды тұлғаны тіркеу туралы анықтаманың скриншоты. Дереккөз: Egov.kz

Әбдинова бұған дейін Мәжілістің «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» заң жобасын талқылауға қатысқан. Ал жақында Парламент мәжілісінің бала құқықтары мәселесіне қатысты заң жобасын талқылау жөніндегі сарапшылар тобының құрамына қосылды.

Сайттағы «Қорғау HR» қоры туралы мәлімет толық емес. Тек ұйымның БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сай жұмыс істейтіні, ол бойынша ешкім жәбір көрмеуі керек, заң алдында адамның бәрі бірдей, ал ата-ананың өзінің кішкентай баласына білім алу түрін таңдауға құқы бар екені жазылған. Негізінде қордың негізгі қызметі — психиатриялық емхана науқастарының құқын қорғау. Жалпы идея мақтауға тұрарлық және басқа да құқық қорғаушылардың айтуынша, Әбдинова расында психикалық ауруы бар адамдардың құқын белсенді түрде қорғаған.

Алайда «Қорғау HR» қорының «Саентология шіркеуі» деп аталатын әлемге әйгілі діни қозғалысқа қатысы барына дәлелдер бар. Бұл қозғалыстың негізін 1950-жылдары АҚШ-та Рональд Л.Хаббард қалаған. Бұл ұйымды оған мүше болғандар мен көптеген сарапшы деструктив санайды.  

2012 жылы Қазақстандағы «Саентология шіркеуі» қайта тіркеуден өте алмай Дін істері агенттігінің қара тізіміне енгізілді.

Сол кезде агенттік өкілдері БАҚ-қа «Саентологтар діннен басқаның бәрімен айналысады. Рон Хаббард негізін қалаған ілім шәкіттерінің негізгі міндеті — мүмкіндігінше көбірек кітап, қызмет және семинарға билет сату» деп айтқан.

Соған қарамастан Шіркеу өкілдері жабылмайтынын, діни бірлестік ретінде істей беретінін хабарлады. Солай болған да тәрізді, себебі Қазақстанда саентология әлі де бар. .kz домені бар қозғалыс сайты ресейлік сайтқа қатты ұқсағанымен, доменнің пайдаланылып жатқанының өзі қызметтің бар екеніне дәлел. Бұл қызмет туралы жағымды жаңалық ести бермейсіз. 

«Қорғау HR» қорының саентологияға қандай қатысы бар?  «Саентология шіркеуінің» «Адам құқықтары жөніндегі азаматтық комиссия» (ары қарай – АҚАК) деген жеке құқық қорғау ұйымы бар. Сайттағы сипаттамаға қарап топтың психиатрлардың адам құқықтарын бұзу фактілерін ашып, тергеумен айналысатынын байқауға болады. Олар сонымен бірге жалпы психиатрияға қарсы шығып (барлық Шіркеу тәрізді), оны бизнес деп атайды. Жаңа жазғанымыздай, «Қорғау HR» қорының қызметі де — психиатрия емханалары науқастарының құқын қорғау. Бұл да сәйкестік емес.

«Саентология шіркеуінің» Freedom деген журналының бір нөмірінде мақала жарияланды. Онда «Қорғау HR» қоры құрылтайшыларының бірі Әлия Әбдинова Қазақстандағы АҚАК-тің атқарушы директоры деп көрсетілген.

Психиатрия ауруханаларының адам құқықтарын талай мәрте бұзғанын анықтаған Әбдинова аймақтардағы халықты ақпараттандыру науқанын ұйымдастырды. Мақалаға қоса берілген фотосуретте Әлия Әбдинова аудитория алдында АҚАК логотипі мен Қордың атауы бар баннер фонында сөйлеген.

 

Freedom журналының сайтынан скриншот

АҚАК сайты да бұл туралы жазып, басқа, антипсихиатриялық слайды бар суретті берген. Мәтінде жаңа дерек бар, Әбдинова Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі болғаны хабарланған (бұл — шындық).

 

АҚАК ресми сайтынан скриншот

АҚАК туралы ақпаратты тексеру керек. Бір қызығы, Әбдинованың өзі 2016 жылы Exclusive.kz тілшісіне берген сұхбатта Қазақстандағы АҚАК жетекшісі емес екенін және «Қорғау HR» қорының саентологияға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Бұған дейін келтірілген дәлелдерді ескерсек, оның сөзіне қатысты күдігіміз бар.

Оған қоса, Әлия Әбдинова мен қордың бірінші жетекшісі Наталья Шадрина АҚАК-тың «ВКонтакте-дегі» ресми парақшасына жазылған. Бұл — Әбдинова жазылған жалғыз ашық парақша.

Айта кеткен жөн, АҚАК науқастардың құқын қорғап қана қоймайды, жалпы психиатрияны ғылым ретінде жоққа шығарады. Ал бұл ғылымға керағар. Мәселен, комитеттің «ВКонтакте-дегі» ресми парақшасында былай деп жазылған: «Өзін ақыл-ой мен психикалық саулық саласында «беделді» көрсететін психиатрияның оны емдеуде ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ».

Айта кеткен жөн, «Қорғау HR» қоры бірде «Халық денсаулығы туралы» кодексіне, бірде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет» заң жобасына не оған «буллиң» ұғымын енгізуге қарсы шығып, психиатрияға қарсы шығады. 

Қордың бірінші жетекшісі Наталья Шадрина қазір қызымен бірге Мәскеуде тұрады және оның да саентологияға қатысы бар. Біз оның есімін бірнеше саентология курстарға қатысушылардың тізімінен таптық. Ол қатысқан ең алғашқы курс 2006 жылы, ал ең кейінгісі 2019 жылы болған. 

Тізім саентологтардың қызметі туралы бар құжаттарды құрастыратын зерттеу сайтында жарияланған. Сол сайттан Кристина Шадринаның күйеуі — Гай Лабрускианоның есімін табуға болады. Ол саентологияға ертерек келген — оның алғашқы курсы 1991 жылы, кейінгісі 2013 жылы тіркелде деп тұр. 2006 жылы ол патрондар (қолдаушылар, жебеушілер), яғни шіркеуге 40 мың доллар садақа беретін мүшелер тізіміне енгізілген. 

Бұрын айтып өткен Exclusive.kz мақаласында Кристина Шадрина Мәскеудегі танымал адамдарға арналған Саентология орталығының директоры екені айтылған. Мұндай ақпарат Шадринаның кәсіпкерлерге арналған вебинарлары жарнамаланатын жеке сайтында да бар. Қазір орталық жабық тәрізді, қолжетімді деректер арасында ол туралы мәлімет жоқ, сондықтан оның Саентология шіркеуімен тікелей байланысын дәлелдеу қиын. Дегенмен атауы, мәселен, АҚШ пен Еуропадағы «Танымал адамдар орталығына» ұқсас.

 

Холлиудтегі танымал адамдар орталығы // By Rick Hall

Осы жерде ескерте кеткен жөн, саентологияға көзқарас әр елде әртүрлі. Қазақстан мен Ресеймен салыстырғанда Еуропада «Саентология шіркеуі» дін деп танылған. Ресейде ол жартылай заңды. Біз Саентология шіркеуін бұл тұрғыдан талдамаймыз, бізді тек қордың психиатрияға қарсы мәселелерді талдап, деректерді бұрмалап, манипуляция жасап, өшпенділік бейнесін жасайтыны ғана қызықтырады.

 

Жанна Цареградскаямен байланысы

Қазақстанда даулы мәселеге қатысты ұйымдар мен тұлғалардың ақпараттық әсері мұнымен бітпейді. Мәселен, мынау тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет туралы заң жобасына қарсы белсенділердің баспасөз мәслихатының анонсы. Қатысушылар тізімінен «Қорғау HR» қоры және «Саналылар бірлігі» арқылы таныс есімдерді көреміз. Бірақ бұл жерде тек бір есімге назар аударуымыз керек — өзін баланың ажырамас құқығы жөніндегі маман деп таныстырған Жанна Цареградская. 

 

«Жива» ҚҚ-ның Facebook парақшасындағы баспасөз анонстың скриншоты

Хабары жоқ адам Жанна Цареградскаяның кім екенін білмейді. Дегенмен, оны Ресейдің құқық қорғау органдары мен онымен байланыса алмаған адамдар жақсы таниды. Цареградская күйеуі Андреймен бірлесіп перинатал тәрбие, ана болу өнері және емшекпен емізуді қолдайтын «Рожана» орталығының негізін қалады. Қысқаша айтқанда, орталық «табиғи жолмен босануды» қолдап, перзентханаларға күмәнмен қарайды. Орталық түрлі курс пен семинар сатады, оның бағасын орталыққа хабарласып қана білуге болады. Цареградская өзін құқық қорғаушы, педагог, зерттеуші және «1 500 әйелдің үйде босануына көмектескен» психолог-перинатологпын деп атайды.

2013 жылы Мәскеуде Цареградскаяны Ресей ІІМ экстремизмге қарсы бас басқарма қызметкерлері коммерциялық емес ұйым құрды, азаматтардың жеке басы мен құқықтарына қол сұғып, өшпенділік пен дұшпандықты қоздырды деген айыппен ұстады.

 


 

Тергеу комитетінің нұсқасы бойынша Калужская облысы Малоярославец ауданы Николаевка ауылында «Рожана» орталығының атын жамылып 2007 жылдан бері қатаң иерархиялық құрылымы бар секта жұмыс істеген. Комитеттің мәліметінше, сектаны жақтаушылар отбасы институтын жоққа шығарып, жұбайларына деген жағымсыз көзқараста болып, сондай-ақ медициналық көмек, білім беру, жұмыс, әскери және сол секілді азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартады. Оған қоса, олар азаматтарға физикалық және психикалық күш көрсеткен.

ТАСС мәтіні

 

 


 

 

Одан бір жыл бұрын оның күйеуі Андрей Цареградский бес жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалды. Ол 2010 жылғы қазанда «Рожана» орталығының бұрынғы тұрғындарына оқ атқан.

 

Жанна Цареградская елден шықпау туралы қолхатпен босатылып, кейін елден кетіп қалған. Әйел өз кінәсін мойындамайды және оның сөзіне сенсек, өзін «Ресей үкіметінде отырған қылмыстық элементтер» аңдып жүр.

 

Жанна Цареградская қызметін тоқтатқан жоқ — орталықты қашықтан басқарып отыр, кітап жазады, курстар сатады, пандемия кезінде жалған ақпарат таратады. Мәселен, 2020 жылғы желтоқсанда Цареградскаяның «вакцина адам өміріне қауіпті» деген пікірін stopfake.kz жоққа шығарды.

 

Дезинформация рупоры

Қазақстандағы вакцинаға қарсы және ковид-диссиденттік қозғалыстардың материалдарын тарататын онлайн парақша мен арналар көп. Біз «Единства Осознанных-тың» өзінде төрт Telegram арна (мүмкін одан да көп), Youtube каналы,  Instafram парақшасы бар екенін анықтадық.

«Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет» заң жобасының қауіпті екенін «түсіндіру жұмыстары» үшін «Ата-аналар одағы», әлеуметтік желілерде бар парақшалар мен топтар пайдаланылады. Оған қоса қозғалысқа «Стоп кодекс», «Казахстанцы против обязательной вакцинации», «Право на отказ», «Пробуждение чат», «Голос народа РК», «Жива» ҚҚ сынды онлайн топтардың тікелей қатысы бар.

Белсенділер бір күн ішінде әлеуметтік желіде 20-дан аса жалған ақпарат жариялауы мүмкін. Қозғалыстың негізгі жақтастарының ішінде аудиториясы үлкен танымал адамдар да бар (әнші Шоқан Маратұлы, журналист Әлия Исенова, Қазақстандағы ММА қауымдастығының құрылтайшысы Анатолий Ким), соның салдарынан дезинформация ауқымы геометриялық қарқынмен өсіп жатыр.

Дезинформация кампаниясына қатысушылар адамдардың қорқыншын, ата-ананың баласына деген уайымын ойыншыққа айналдырады, адамның сезімімен ойнап, өз сөзінің дұрыстығына сендіру үшін деректер мен ұғымдарды әдейі немесе абайсызда бұрмалайды, жалған ақпарат таратады. Оған қоса дезинформаторлар өздері мен шәкірттерін қандай да бір «зұлым күштер» өздеріне зиян келтіргісі келетініне сендіреді. Қозғалыс жақтастарын олардың ерекше («Саналылар», «Оянғандар»), элиталық тұрғыдан ойлайтынына иландырады, олар «адасқандарды» құтқару үшін жиналғанын, олардың «саналы» емес екеніне сендіреді.

Мұндай жағдайды біз бірнеше жыл бойы АҚШ-тағы Q-Anon қозғалысынан байқадық, онда адамдар серт беріп видео жүктеп, өздерін «цифр солдат» деп жариялап, «оянғандар» деп атаған.

 

 

Айта кеткен жөн, Q-Anon қозғалысы АҚШ-та ішкі террорлық қауіп деп танылып, желіде пайда болған қоғалыс мүшелері шынайы өмірде қылмыс жасай бастады. Оның ішінде адам ұрлау мен бір дәлелденген кісі өлтіру жағдайы тіркелді. Өшпенділік сарыны көп дезинформациялық және конспирологиялық материалмен миды улай берсе, адамның психикасы оны көтере алмауы мүмкін. АҚШ осыған дәлел.

Егер Қазақстандағы конспирология мен жаппай дезинформацияға қарсы іс-әрекет жасалмаса, азаматтарымыз радикал ұйымдар үшін осал топқа айналып, заңға қайшы әрекет жасай ма деп қауіптенеміз.

Пандемия жылы ешбір қоғамның дезинформация мен қастандық теорияларына қарсы тұра алмайтынын көрсетті. Бұл — кең ауқымда әрі ашық түрде талқылап, дезинформация мен өшпенділік тілінің таралуына қарсы күш жұмылдыратын үлкен мәселе. Поляризация — кезеңіміздің ең қауіпті құбылыстарының бірі. Осындай мәселе барын мойындау — оны шешуге жасалған алғашқы қадам.

Қорытынды

Бір қызығы, «Саналылар бірлігі» және «Қорғау HR» қоры сынды топтар барлық қиыншылыққа әлдебір «шетел агенттерін» кінәлайды (нақтырақ айтқанда, шетелдік ҮЕҰ-мен ресми және ашық түрде серіктестік орнатып отырған ұйымдар). Олардың пікірінше, бұл «агенттер» Қазақстанда өздерінің «деструктив» идеяларын жүзеге асырып жатыр. Шын мәнінде бұл қозғалыстардың өздері де шетелдік топтармен араласып, олардың мәселесін алға тартады (тіркелмегендіктен және ашықтық болмағандықтан оларды қаржыландыру көзін дәлелдеу өте қиын). Бірақ «Медуза» жазып отырғандай, олар үшін бұл — «дұрыс шетел агенттері».

Оған қоса, бұл мақалада аты аталған топтардың бәрі өздерін құқық қорғау ұйымдары ретінде көрсетеді. Кей адам оларға жүгініп шынында қандай да бір көмек алатын шығар (мәселен «Қорғау HR» қорының жағдайы сынды), бірақ көріп отырғанымыздай, кейбір топ тіпті тіркелмеген немесе заңды тұлға емес, оған қоса ашықтығы сақталмаған, құпия әрекет етеді.

Не десек те, факт мынадай: бұл адамдар, ұйымдар түрлі тақырыпта дезинформация таратады, бірнеше рет алаяқтық жасады және күш көрсетті деп айыпталған адамдар және топтармен байланыста, сондай-ақ ғылыми  дәлелденген фактілерді жоққа шығарып, үнемі ғадауат тілін қолданады. Осы жерде виртуал әлемдегі өшпенділік тілі ерте ме, кеш пе шынайы заң бұзуға себеп болуы мүмкін деген қауіп туындайды. 

Осыларды ескере отырып, Мәжіліс қозғалыс жақтастарын ювенал әділет саласындағы заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына қосқанына таңқалдық. Оған қоса, бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан құқық қорғаушылардың бұл заңға қатысты сұрағы мен сыны көп. Себебі Қазақстанда құқық қолдану тәжірибесі жетілмеген. Бірақ желідегі дау-дамай арасынан құқық қорғаушылардың салмақты, парасатты пікіріестілмейді. 

Сол себепті біз мақала аяғында Қазақстанның заң шығарушыларына жүгінсек деп тұрмыз: заң жобасындағы өзгерістерге азаматтық ұйымдар пікір айта алатын платформа ұсыну аса қажет. Бірақ жұмыс тобының құрамына жаппай жалған ақпарат таратып, карантин ережелеріне қарсы шығып, ғадауат тілін қолданатын конспирологтарды қосу — азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімін жояды, Қазақстан қоғамын жік-жікке бөліп, радикализациялауға себеп болғалы тұр.

Материалды дайындауға Данияр Сүпиев пен Айдана Жанәділова да қатысты

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Уведомление